КҮЗГЕ НАЗ
Ақ толқынды ұқсай қап көк теңізге,
Айтқым келді осынау өкпе күзге!
Жанарымды тұмшалап тұманыңмен,
Сен ертерек келдің-ау, текке бізге.
Қызыл қаным тұрғанда лапыл қағып,
Сөз сөйлеймін ортада қатуланып.
Сайрам судан нəр татқан мына бізге,
Анау-мынау тең келмес батыр да анық.
Толқын жарып өскенмін жас шағымнан,
Бойымда əлі жасайды асқақ ұлан.
Гүл ашатын көктемдей табиғатым,
Сайрам таудың қарап тұр асқарынан.
Дала мен тау суына шыныққанмын,
Сары ала күз, барады-ау сынып сағым.
Суық қарап, сен маған қабақ түйме,
Есіріктің көрсетпе қылықтарын.
Күздің жайын білемін сарсаң құмар,
Қарсы тұрар өзіңе бал шағым бар.
Бойдағы тегеурінді батылдығым,
Əлі талай сені де тамсандырар!
Нышанәлі Мұсаұлы Ниязбек.
03.07.1959 ж. Қазақстан Республикасы. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Сайрам ауданындағы Бірлік ауылында туылған.
Журналист,полиграфист. Юрист.Аудармашы.